Осылайша, Бубликтің Париждегі төрт матчтық жеңісті сериясы тоқтады
Қазақстандық теннисші Александр Бублик Париждегі ATP-1000 мастерс турнирінің жартылай финалында әлемнің 10-ракеткасы, канадалық Феликс Оже-Альяссимнен ұтылып, финалға өте алмады.
Бұл матч екі спортшы үшін де аса маңызды болды. Себебі олардың екеуі де маусымның басты додасы – Туринде өтетін ATP қорытынды турниріне соңғы жолдамаға үміткер еді.
Бұған дейін Дубай турнирінде екі сағат 51 минутқа созылған тартыста Бублик канадалықты жеңген болатын. Алайда бұл жолы жағдай өзгерді. Бірінші сет тай-брейкте Оже-Альяссим басым түсті – 7:6 (7:3).
Екінші сетте Бублик брейк жасап, 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ көп ұзамай артықшылықтан айырылып, эмоцияға беріліп, ракеткасын сындырып алды. Кейін тағы бір брейк алып, есепті 4:1-ге жеткізгенімен, қарсыласы есепті теңестіріп, матчты өз пайдасына аяқтады — 6:4.
Ойын бір сағат 37 минутқа созылды. Қазақстандық 5 эйс жасап, 2 брейк-точкасын жүзеге асырды. Ал канадалық 12 эйс тіркеп, 4 мүмкіндіктің үшеуін тиімді пайдаланды.
Осылайша, Бубликтің Париждегі төрт матчтық жеңісті сериясы тоқтады. Ол бұған дейін әлемнің үздік ондығына кіретін Тейлор Фриц пен Алекс де Минорды жарыс жолынан шығарған еді.
Бұл турнирде алғаш рет жартылай финалға жеткен Александр Бублик 282 650 еуро және 400 рейтингілік ұпай еншіледі. Қазір ол ATP Live рейтингісінде 13-орында, ал чемпиондық рейтингте 11-сатыда тұр.
Ал Феликс Оже-Альяссим финалда әлемнің 2-ракеткасы Янник Синнермен кездеседі. Итальяндық жартылай финалда Александр Зверевті 6:0, 6:1 есебімен ойсырата жеңді.
Александр Бубликтің Париж мастерсіндегі нәтижелері:
1/32 финал: Алексей Попырин – 6:4, 6:3
1/16 финал: Корентин Муте – 6:3, 7:5
1/8 финал: Тейлор Фриц – 7:6 (5), 6:2
1/4 финал: Алекс де Минор – 6:7 (5), 6:4, 7:5
1/2 финал: Феликс Оже-Альяссим – 6:7 (3), 4:6.