ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

«Роналдудан кейінгі орында тұр»: Тағыберген чемпионатта өзін таңғалдырған клуб пен ойыншыны атады

12.11.2025, 16:01

Асхат Тағыберген: Биылғы маусымды мені таңғалдырған екі клуб бар

«Роналдудан кейінгі орында тұр»: Тағыберген чемпионатта өзін таңғалдырған клуб пен ойыншыны атады
ҚФФ

Қазақстан құрамасының бұрынғы ойыншысы, «Тобыл» клубының жартылай қорғаушысы Асхат Тағыберген ішкі чемпионатта өзін ерекше таңғалдырған клубтар мен футболшы жайлы айтты. 

«Биылғы маусымды мені таңғалдырған екі клуб бар, олар – «Қайсар» мен «Жеңіс». «Қайсарды» өз клубы болған соң айтып отыр деуі мүмкін, бірақ олардың жасағаны – ерлік. Тек жергілікті балалармен Қазақстан премьер-лигасындағы орнын сақтап қалды, әйтпесе бастапқыда бәрі оларды Бірінші лигаға кетеді деп топшылап қойып еді. Статистикаға қарасақ, «Қайсар» өз алаңында көшбасшылардың бәрінен ұпай алған. Ал «Жеңістің» биылғы ойыны қатты ұнады», - деді Тағыберген AmanVibe YouTube арнасына берген сұхбатында.

Бұдан бөлек құраманың экс-капитаны ойын үлгісімен ерекшеленген аяқдоп шеберін де атады. Тіпті оны Роналдудан кейін екінші футболшы ретінде санайды екен.

«Дастан Сәтпаевты бөле-жарып айтуға болады. Дастан өзіміздің ініміз, бауырымыз, біз оның Қазақстан туын Еуропада желбірететініне сенеміз. Егер көмек керек болса, қай кезде де қол ұшын созуға дайынмын.  Дастан – өте керемет жігіт. Тұйықтау, бірақ өзіңе тартсаң, ашылып сөйлейді. Өз ісінің маманы, нағыз кәсіби ойыншы, ондай кәсіби футболшыны көрген емеспін. Криштиану Роналдудан кейін сол тұр», - деп ағынан жарылды Тағыберген. 

Бұдан бөлек ол Ғалымжан Кенжебекке де тоқталды. 

«Ғалымжан ашық, мінезі бар. Еуропаға барып келген соң өзгеріп келіпті. Екеуміз сөйлескенбіз, сонда мен оған: «Годи, сен мықты футболшысың, бірақ команда үшін ойнашы» деп айттым. Бельгиямен, Македониямен матчта өзіне тартқаны байқалып тұрды, бірақ кейін қателігін түсініп, Лихтенштейнмен кездесуде гол соғып қана қоймай, нәтижелі пас берді. Іштей сөзім жеткен екен ғой дедім», - деді футболшы.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 3
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам