Бұл туралы ҚР ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеген
Кәсіпқой бокстан жартылай ауыр салмақ бойынша әлем чемпионы Дмитрий Биволдың экс-жұбайы Екатерина Биволды ұстауға қатысты Қазақстан Ресеймен байланыс орнатты.
KazTAG.kz-тің жазуынша, бұл туралы ҚР ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеген.
«Тергеу амалдары жалғасуда. Қазірдің өзінде халықаралық іздеу жарияланды. Сот сырттай қамауға алу туралы шешім қабылдады. Біз арнайы арналар арқылы Ресей Федерациясының полиция қызметкерлерімен байланыстамыз. Егер Биволдың бұрынғы жұбайы ұсталатын болса, біз Бас прокуратура арқылы ақпарат аламыз немесе экстрадиция мәселесін шешеміз», — деді Әділов бейсенбі күні Сенат кулуарында.
Еске сала кетейік, 27 қазанда Қырғызстан соты Екатерина Биволға ұлтаралық араздық қоздыру ісі бойынша қамауға алу туралы ордер бергенін хабарлаған еді. 31 қазанда оған Қазақстанның құқық қорғау органдары да іздеу жариялады.
Қазан айының орта шенінде Екатерина Бивол әлеуметтік желіде таратқан бейнежазбаларында қырғыз және қазақ ұлттарына қатысты балағат сөздер айтып, қорлайтын пікірлер білдірген еді. Осыдан кейін ол екі елдің азаматтарының өзіне деген ашуын тудырды.