Клуб Владивостокта кездесу өткізді.
4 ақпанда ҚХЛ чемпионаты аясында Шығыс конференциясының қос аутсайдері – қазақстандық «Барыс» пен Владивостоктың «Адмиралы» кездесті. Сырт айдында матчта астаналық ұжым 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Кездесудің алғашқы кезеңі тартысты өтіп, есеп ашылған жоқ. Ал екінші кезеңде «Барыс» ойынды өз бақылауына алып, қатарынан екі шайба салды. Бұл жолы Кирилл Савицкий мен Дінмұхамед Қайыржан командасын алға шығарды.
Үшінші кезеңде қазақстандық клуб есеп айырмасын ұлғайта түсті. Эмиль Галимов пен Майкл Веккьоне қарсылас қақпасын тағы екі мәрте дәл көздеп, есепті 4:0-ге жеткізді. Ал матчтың аяқталуына аз уақыт қалғанда «Адмирал» сапынан Либор Шулак мергендік танытты.
Осылайша Михаил Кравец шәкірттері алты матчқа созылған сәтсіз серияны үзіп, турнир кестесіндегі ұпай санын 42-ге жеткізді. Дегенмен «Барыс» әзірге Шығыс конференциясында 10-орында қалып отыр. Ал ең төмен ұпай «Адмиралда» (37).
Енді елордалық команда бір апталық үзіліске шығып, келесі кездесуін 12 ақпанда өз айдынында Санкт-Петербургтің СКА клубына қарсы өткізеді.