Қоржында тек бір жеңіс бар
Хоккейден Чехияда өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы басты фаворит саналған – Швеция командасымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Айта кету керек, Швеция әлемдік деңгейдегі азулы командалардың бірі болып саналады. Матч алдында букмекерлер шведтердің ойсырата жеңетініне сенімді болған еді. Алайда, Ғалым Мәмбетәлиев шәкірттері фавориттерге лайықты қарсылық таныта білді.
Бірінші кезеңде Швеция құрамасы алғашқы голын соқса, екіншіде төрт ойыншымен жүріп есепті еселей алды. Үшінші период басталған кезде де швед хоккейшілері дәл соққымен көзге түскен. Тек осыдан кейін ғана Әділ Бекетаев есепті қысқартып, ойындағы соңғы нүктені қойды.
Еске салайық, Қазақстан құрамасы бірінші матчта Францияны ұтса, артынша Словакиядан және Латвиядан жеңілді. Келесі матчты біздің ұлттық құрама ертең Германияға қарсы өткізеді.