Дегенмен, астаналық клуб турнир кестесінде жоғары көтерілген жоқ
Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында астаналық «Барыс» сырт алаңда «Северстальмен» кездесіп, маңызды ұпайына қол жеткізді.
Матчтың негізгі есебі тең аяқталған. Бірінші шайбаны астаналық клуб ойыншылары 8-минутта соқты, гол авторы – Камара. Араға жеті минут салып айдын иелері сапынан Иванцов көзге түсіп, есепті теңестірді.
Ал, екінші кезеңде «Северсталь» алға шыққанымен, «Барыс» сапынан Рахманов 32-минутта таразы басын қайта теңестірді. Үшінші кезеңде гол соғылған жоқ.
Осылайша матч овертаймға өтіп, қосымша кезеңнің үш минутқа жетер-жепес уақытында Рымарев «Барысқа» жеңіс алып келді.
Еске салайық, 30 қарашада астаналық хоккейшілер Магнитогорск қаласының «Металлург» клубын сырт алаңда 5:2 есебімен ойсырата жеңді. Осыған қарамастан «Барыс» турнир кестесінің ең соңғы орнында тұр.