Астаналықтар екі кезең бойы жеңіп тұрып, үшінші кезеңде «сынып кетті»
ҚХЛ-дың кезекті туры аясында Астананың «Барысы» өз айдынында «Автомобилист» клубын қабылдап, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Маусым басталғалы елордалық команда үшінші бапкерін алмастырған. Алайда, бұл «Барысты» сәтсіздіктен құтқара алмай жатыр. Клуб ҚХЛ-дың биылғы маусымында 23 ойын өткізіп, оның 19-да жеңілді.
Бүгінгі матчта астаналықтар бірінші болып есепті ашқан еді. Алғашқы кезең аяқталар тұста Сетдиков Савицкидің пасын ұтымды пайдаланып, «Автомобилист» қақпасын дәл көздеді. Екінші кезеңде де «Барыс» басымдықты өз қолына алып, осы есепті ұстап қалған. Алайда, Екатеринбургтен келген команда шешуші үшінші кезеңде қатарынан үш шайба соғып, маңызды ұпайын еншілеп кетті.
Небәрі 14 ұпай жинаған «Барыс» турнир кестесінің соңғы 12-сатысынан 11-сатысына көтерілген болатын. Команданың плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігі жоқ деуге болады.
11 қарашада Мәмбетәлиев шәкірттері «Нефтехимикке» қонаққа барады.