
Қазақстан хоккей федерациясы «Beibarys» және «Arlan» хоккейшілерінің төбелесіне қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстан чемпионатында «Beibarys» және «Arlan» хоккейшілерінің арасында болған төбелеске байланысты Қазақстан хоккей федерациясы тәртіптік шараларды күшейту туралы шешім қабылдады.
«Beibarys» клубының бас бапкері Александр Высоцкий ҚХФ ұйымдастыратын барлық спорттық іс-шаралар аясында хоккейге қатысты кез келген қызметтен 1 жылға шеттетілді. Ал «Arlan» командасының бас бапкері Дмитрий Маркелов 2025 жылдың 30 сәуіріне дейін шеттетілді.
«Дисквалификация мерзімінде оларға чемпионат аясында, сондай-ақ ҚХФ ұйымдастыратын өзге де жарыстарға қатысуға тыйым салынады. Олар ойын кезінде қосалқы құрам орындығында, мұз айдынының шекарасынан тыс периметрде, төрешілер бөлмесінде және матчтарды өткізуге байланысты өзге де аймақтарда бола алмайды. Жалғыз рұқсат етілген орын – көрермендерге арналған трибуна», — делінген Қазақстан хоккей федерациясының мәліметінде.
Сонымен қатар, «Beibarys» хоккей клубының басшысы Сағындық Мекеев пен клубтың спорт дәрігері Сабыржан Құралбековке 6 ай мерзімге шектеу қойылды. Оларға қосалқы құрам аймағында, мұз айдынының сыртынд, төрешілер бөлмесінде және жарысты ұйымдастыратын өзге де аймақтарда болуға тыйым салынды. Бұл шектеу ҚХФ өткізетін барлық жарыстарға, соның ішінде чемпионат матчтарына қатысты. Оларға да жалғыз рұқсат етілген орын – көрермендер трибунасы.