
Хоккейшілер 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақы алмаған
Ташкенттік «Хумо» хоккей клубының ойыншылары бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүр.
Осыған байланысты команда мүшелері Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің атына ұжымдық хат жолдады. Бұл туралы Sportarena.kz жазды.
Telegram желісіндегі «Третье звено» арнасының мәліметінше, спортшылар соңғы төрт айда — 2025 жылдың қаңтарынан бастап жалақы алмаған. Хатта олар өздерінің еңбек құқығы бұзылып жатқанын айтып, жағдайды жеке бақылауға алуды және заң аясында тиісті шара қабылдауды сұрайды.
«Құрметті Шавкат Миромонович, Сізден 2025 жылдың қаңтарынан бері жалақы ала алмай отырған «Хумо» хоккей клубы спортшыларының мәселесін жеке бақылауға алуыңызды сұраймыз. Бұған дейін Өзбекстан хоккей федерациясының вице-президенті Баходир Исмаилұлы Гафуровқа бірнеше рет жүгінгенімізбен, тек құр уәделермен шектеліп отырмыз. Қазіргі таңда біздің заңды еңбек құқықтарымыз бұзылуда. Республика заңнамасына сәйкес барлық қарыздардың өтелуін қамтамасыз етуді өтінеміз», — делінген ұжымдық хатта.
Аталған үндеуге барлығы 29 ойыншы қол қойған. Олардың қатарында қазақстандық хоккейшілер — Артём Лихотников, Иван Степаненко, Дмитрий Гренц, Станислав Бооровиков және Андрей Буяльский де бар. Айта кетейік, соңғысының аты-жөні хатта «Е.Буяльский» деп көрсетілген.
Еске сала кетейік, 2024/25 жылғы маусымда «Хумо» Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде жартылай финалға дейін жетіп, Өскеменнің «Торпедо» клубымен серияда 3:1 есебімен алда тұрғанымен, ақырында 3:4 есебімен жеңіліп қалған еді.