
Басшылық құрам кімнің есебінен барды?
Қазақстандық хоккей федерациясының (ҚФХ) президенті Сәкен Мұсайбеков хоккейден өткен әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының ең үлкен делегациямен барғаны жөніндегі ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
Естеріңізде болса, бұған дейін әлем чемпионатына елімізден ең көп басшылық құрам өкілдері барғаны туралы жазғанбыз. Ал Мұсайбековтің айтуынша, делегация құрамындағы мамандардың барлығы қажет болған.
«Халықаралық федерация ережесіне сәйкес, біз 20 адамға дейін тіркей аламыз. Біз бұл лимиттен асқан жоқпыз. Бұл – командаға қажетті мамандар. Федерация президенті мен оның кеңесшісі де барды, бірақ олар өз қаражатымен барды. Сондықтан бұл мәселеде күмән болмауы керек. Федерация қаражатына аттанған бір де бір адам ол жаққа көрермен ретінде барған жоқ», – деді Мұсайбеков чемпионат қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.
Биылғы әлем чемпионаты 9-25 мамыр аралығында Данияда өтті. Қазақстан құрамасы топтық кезеңде жеті ойын өткізіп, бір ғана жеңіске жетіп, алты рет жеңіліс тапты. Бұл нәтиже Қазақстанның бес жылдан кейін алғаш рет элиталық дивизионнан шығып қалуына себеп болды.