
Овечкин 2023 жылдан бері өз кәсібіне қатысты салық декларациясын өткізбеген
Ресей Федералдық салық қызметі (ФСҚ) «Вашингтон Кэпиталз» клубы сапында үш дүркін әлем чемпионы атанған, Стэнли кубогының иегері Александр Овечкиннің кейбір есепшоттарындағы операцияларды тоқтату туралы шешім шығарған. Бұл туралы РИА Новости жазды.
«12 тамыздағы жағдай бойынша кейбір есепшоттардағы операциялардың толық немесе ішінара тоқтатылғаны анықталды», – делінген материалда.
Жүйе деректеріне сәйкес, Овечкин 2022 жылдың 31 тамызында зияткерлік меншік пен соған ұқсас өнімдерді жалға беру саласында қызмет көрсететін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген.
Бұған хоккейшінің белгіленген мерзім өткеннен кейін 20 күн ішінде салық декларациясын салық органына тапсырмауы себеп болған. Деректерге қарағанда, Овечкин 2023 жылдан бері өз кәсібіне қатысты салық декларациясын өткізбеген: есепшоттар алғаш рет 2023 жылғы маусымда екі рет, 2024 жылғы маусымда тағы екі рет, соңғысы 2025 жылғы 29 шілдеде тоқтатылған.
Айта кетейік, 2024/25 маусымда Овечкин ҰХЛ тұрақты чемпионаттарында ең көп гол соққан канадалық Уэйн Гретцкидің рекордын жаңартты. 39 жастағы ресейліктің еншісінде қазір 897 шайба бар.