
45 жастағы Астана тұрғыны алаяқтық жасады деген күдікке ілінген
Петропавл қаласының полицейлері «Құлагер» хоккей клубының басшысы Сергей Фильді ұстады. Ақпаратты Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті растады.
Ведомствоның мәліметінше, 45 жастағы Астана тұрғыны екі және одан да көп адамға қатысты алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Ол Қарағанды қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеудің осы кезеңінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, Сергей Филь 24 қыркүйектен бастап байланысқа шықпай, із-түзсіз кеткен. Оның жоғалуына байланысты полицейлер іздеу жариялаған. Кейін бірнеше шетелдік спортшылар, яғни Ресейден келген легионерлер оған қатысты алаяқтық туралы арыз түсірген. Айтуларынша, Филь оларға Қазақстан азаматтығын рәсімдеуге көмектесемін деп уәде беріп, ақша алған.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген болатын. Басқарманың мәлімдеуінше, Сергей Филь клубтың қаржысын жымқырмаған, алайда оның әрекеті азаматтық-құқықтық сипатқа ие деп бағаланған.
«Сергей Филь “Құлагер” хоккей клубында әкімшілік-шаруашылық жұмыстар жөніндегі басшы қызметін атқарған. Ол клуб қаражатын иемденген жоқ. Қазіргі жағдай азаматтық-құқықтық қатынас аясында қарастырылуда», – делінген басқарманың хабарламасында.
Қазір тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің нақты әрекеттері мен оған тағылған айыптардың толық мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталмақ.