
Бапкер орыс тілі мен ағылшын тілінің жеткілікті екенін атап өтті
Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін «Барыс» клубының бас бапкері Михаил Кравец қазақ тілін үйрену жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Sports.kz жазды.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында оған «Қазақ тілін үйреніп жатырсыз ба?» деген сұрақ қойылған.
– Сіз «Барыста» бірнеше айдан бері жұмыс істейсіз. Қазақ тілін үйрене бастадыңыз ба?
– Білесіз бе, бәрі орысша сөйлейді, кейде ағылшынша да жеткілікті... Уақытым жетпейді. Онда маған қытай тілін де үйренуге тура келер еді. Сондықтан орыс және ағылшын тілдері жеткілікті деп ойлаймын. Оның үстіне бәрі бәрін түсінеді, – деп жауап берді Кравец.
Айта кетейік, «Барыс» соңғы ойында Қазанның «Ак Барс» клубымен кездесіп, 3:4 есебімен жеңілді. Үшінші кезеңнің басында қазақстандық команда 0:4 есебімен ұтылып жатса да, небәрі 140 секундта үш шайба соғып, есеп айырмасын қысқартқан. Дегенмен, ұпай алу үшін бұл жеткіліксіз болды.