Қазақстандық файтер қарсыласын бірінші раундта техникалық нокаутпен (ТКО) жеңіп, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Бекжан Әбілқасым (5-0) Алматыдағы Naiza 78 турнирінде октагонға көтеріліп, кезекті маңызды жеңісіне жетті.
Отандасымыз жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық белбеу үшін тәжікстандық Бежан Ходжалиевпен (3-0) кездесті. Жекпе-жек бес раундқа жоспарланғанымен, үшінші минутта шешілді.
Қазақстандық файтер қарсыласын бірінші раундта техникалық нокаутпен (ТКО) тоқтатып, жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады.
Сөйтіп Бекжан Әбілқасым кәсіби мансабындағы алтыншы жеңісіне жетті және Naiza FC лигасының жеңіл салмақтағы жаңа уақытша чемпионы атанды.
Чемпион елордадағы «Астаналық базарда» (жұрт арасында «Артем» аталып кеткен) телефон және аксессуар сатады екен. Спортшыны базар басшылығы мен әріптестері ерекше күтіп алды. Желіде базар басшысының 3 млн теңге сыйақы бергенін және ұялы телефон сататын жерінің жалға алу құнын арзандатқанын жазған. Бұрын ай сайын 125 мың теңге төлесе, енді бір жыл бойы тек 20 мың ғана төлейді.