Ол UFC лигасында небәрі екі кездесу өткізді
UFC лигасында жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық файтер Азат Мақсұм (17-1) америкалық Чарльз Джонсоннан (14-6) жеңіліп қалғаннан кейін жанкүйерлерінен кешірім сұрап, келесі жекпе-жекке дайындалатынын мәлімдеді.
Еске салайық, 4 ақпан Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night 235 турнирі өтіп, онда Азат Мақсұм төрешілер шешімімен жеңілді. Бұған дейін аралс жекпе-жекте жеңіліп көрмеген Азат жанкүйерлеріне үндеу жасады.
«Қазақ елі, бүгінгі кеште үміттеріңізді ақтай алмағаныма кешірім сұраймын. Өзімді толықтай көрсете алмадым, бұл жеңілістен үлкен сабақ алып, келесі жекпе-жекте жеңуге бар күшімді саламын», - деп жазды ол өзінің Instagram-парақшасында.
Чарльз Джонсон осымен екінші қазақты жеңді. 2022 жылдың қарашасында ол Жалғас Жұмағұловты да тізе бүктірген еді.
Азат Мақсұм болса UFC лигасында небәрі екінші жекпе-жегін өткізіп отыр. Оның дебюттік кездесуі былтыр жазда болған. Ол кезде жерлесіміз америкалық Тайсон Нэмді төрешілер шешімімен жеңіп кеткен.