Қайғылы оқиға былтыр шілде айында болған.
UFC-дегі қазақстандық спортшы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмоноваға қатысты қандай жаза қолданылуы мүмкін екені белгілі болды. AIRAN YouTube арнасының мәліметінше, қазіргі таңда тараптар тергеу материалдарымен танысып жатыр.
«Шавкат Рахмоновтың жұбайы ресми түрде күдікті деп танылды. Бұл туралы ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді. Қазіргі таңда тараптар тергеу материалдарымен танысып жатыр. Алдағы уақытта сот процесі басталуы мүмкін. UFC спортшысы бұл оқиғаға қатысты әзірге пікір білдірген жоқ. Қылмыстық кодекске сәйкес, аталған бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - деді бағдарлама жүргізушілерінің бірі.
Еске сала кетейік, адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде болған. Жамбыл облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін басқарған Гүлайым Рахмонова Қарағанды облысынан Алматы қаласына бара жатып, көлікті игере алмай, жолдан шығып кетіп аударылған. Апат салдарынан екі адам қаза тапты.