Зардап шеккен адамның сөзіне қарағанда, ол спортшымен суретке түскісі келген.
UFC чемпионы Хамзат Чимаевқа Дубай халықаралық әуежайында ер адамға шабуыл жасады деген айып тағылды.
ACD MMA мәліметінше, өзін АҚШ Әуе күштерінің ардагерімін деп таныстырған америкалық блогер Рич Паттерсон спортшы тарапынан физикалық күш қолданылғанын мәлімдеді. Сөзінше, оқиға Чимаевтан суретке түсуге рұқсат сұрағаннан кейін болған.

Фото: Паттерсонның жеке архивінен
Паттерсон әлеуметтік желідегі парақшасында болған жайтты егжей-тегжейлі баяндады.
«Осы айдың басында түнгі бір мен екі шамасында Хамзат Чимаев Дубай халықаралық әуежайында маған шабуыл жасады. Мен АҚШ-қа жалғыз қайтып бара жатқан едім. Мені жеті-сегіз адам болып қоршап алды. Сосын кеуде тұсымнан теуіп жіберді. Барлығы бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кәсіби спортшы, қандай жағдай болсын, мұндай қадамға бармауы керек. Жасым 46-да, АҚШ Әуе күштерінің ардагерімін. Бұл жігіттің оғаш әрекеттері туралы әңгімелер рас екен», – деп жазды Паттерсон.

Фото: Паттерсонның жеке архивінен
Әзірге зардап шеккен адамның жарақат алған-алмағаны, полицияға арыз түскені немесе ресми тергеу басталғаны туралы ақпарат жоқ. Дубай құқық қорғау органдары да бұл мәселеге қатысты әзірге мәлімдеме жасамады.

Фото: Паттерсонның жеке архивінен
UFC-дің орта салмақтағы чемпионы Хамзат Чимаевтың өзі де үнсіз.