Чимаев тарапы екінші жекпе-жекті биыл қазан айында өткізгісі келеді
UFC-дің орта салмақтағы бұрынғы үміткері Хамзат Чимаевтың командасы америкалық Шон Стриклендпен реванш өткізуді көздеп отыр. Бұл туралы файтердің ағасы Артур Чимаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, Чимаев тарапы екінші жекпе-жекті биыл қазан айында Абу-Дабиде өтетін UFC турнирінде ұйымдастырғысы келеді.
«Біз Стриклендпен реванш сұрадық. Қазан айында Абу-Дабиде турнир өтеді, сол кеште айқасты өткізгіміз келеді. Хамзат – басқа салмаққа ауысып кетіп, артында сұрақ қалдыратын спортшы емес. Қазір біздің басты мақсатымыз – реванш», – деді Артур Чимаев TACC агенттігіне берген сұхбатында.
Еске салсақ, 10 мамыр күні АҚШ-тың Ньюарк қаласында өткен UFC 328 турнирінің басты жекпе-жегінде Хамзат Чимаев кәсіби мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ол Шон Стриклендке төрешілердің екіге жарылған шешімімен есе жіберді.
Бұған дейін, 2025 жылдың тамызында өткен UFC 319 турнирінде Чимаев оңтүстікафрикалық Дрикус дю Плессиді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген болатын.
Қазіргі таңда Хамзат Чимаевтың кәсіби рекорды – 15 жеңіс және бір жеңіліс. Ал Шон Стрикленд UFC-дегі мансабында 31 рет жеңіске жетіп, жеті мәрте жеңілген.