Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

«Куат үшін өте ауыр сынақ болады»: Хамитов пен Царукян жекпе-жегінде кім жеңеді

Бүгін, 09:46

Куат Хамитов пен Арман Царукян арасындағы кездесу Грузияда 11 шілде күні өтеді

«Куат үшін өте ауыр сынақ болады»: Хамитов пен Царукян жекпе-жегінде кім жеңеді
әлеуметтік желі

11 шілде күні Грузия астанасы Тбилисиде өтетін Real American Freestyle (RAF) турнирінде қазақстандық ММА файтері Куат Хамитов UFC-дің жеңіл салмақтағы жетекші жұлдыздарының бірі Арман Царукянмен күрес ережесі бойынша күш сынасады. 

Алдағы тартысты кездесу жанкүйерлер арасында қызу талқыланып жатқан шақта, күрес бапкері Дарын Арман қарсыластардың мүмкіндіктеріне баға беріп, UFC спортшысын айқын фаворит ретінде атады. Бұл туралы sports24.kz жазды.

Маманның пікірінше, шешуші фактор ретінде Царукянның агрессивті күрес стилі мен жоғары қарқыны әсер етеді.

«Арман Куатты байқамай-ақ жеңіп кетеді деп ойлаймын. Мұнда ең маңыздысы – күрес мәнері. Царукян үнемі алға ұмтылып, тоқтаусыз шабуылдайды. Оның күрес кезінде қауіпті әдістерге жиі баратынын білеміз. Тіпті қарсыласын кілемнен асырып лақтырып жіберуі де ғажап емес. Мұндай қарқын мен қысым Куат үшін өте ауыр сынақ болады», – деді Дарын Арман.

Сондай-ақ бапкер қарсыластар арасындағы жас айырмашылығы мен физикалық дайындық деңгейі де маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Оның айтуынша, бүгінде әлемнің үздік лигасында өнер көрсетіп жүрген Царукян жоғары қарқын ұсынуға қабілетті, ал тәжірибелі болғанымен, Хамитовқа мұндай темпке төтеп беру оңайға соқпауы мүмкін.

Дегенмен маман спорттық бәсекеден бөлек, жекпе-жек алдындағы атмосфераға да ерекше қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, екі спортшының да мінезі мен харизмасы турнирге қосымша қызығушылық сыйлайды.

«Мен ең алдымен баспасөз мәслихатын күтіп жүрмін. Екеуі де шоу жасауды жақсы көреді. Сондықтан олардың сөз таласы мен жанкүйерлер алдындағы кездесуі кем дегенде жекпе-жектің өзі сияқты қызықты болады деп ойлаймын. Турнирдің барлық билеті сатылып кетсе де таңғалмаймын», – деді бапкер.

Айта кетейік, Куат Хамитов пен Арман Царукян арасындағы кездесу Грузиядағы RAF турнирінің басты назардағы оқиғаларының бірі болмақ. Ал кештің негізгі жекпе-жегінде UFC-дің бұрынғы чемпиондары – грузиялық Мераб Двалишвили мен америкалық Генри Сехудо еркін күрес ережесі бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам