Шавкат Рахмоновтың жұбайы ажырасу туралы қауесеттерге нүкте қойды
Қазақстандық UFC жұлдызы Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гүлайым Рахмонова әлеуметтік желіде тараған қауесеттерге қатысты пікір білдіріп, ажырасу процесі әлі аяқталмағанын мәлімдеді.
Бұған дейін белгілі заңгер Мейірман Шекеев ерлі-зайыптылардың ресми түрде ажыраспағанын және қарым-қатынастарын сақтап қалуы мүмкін екенін айтқан болатын. Оның сөзінше, тараптар бастапқыда ажырасуға өтініш бергенімен, кейіннен құжаттарын қайтарып алған.
«Шавкаттың жақында қызы дүниеге келді. Қыз бала әке үшін ерекше жан. Сондықтан уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы түзеледі деп үміттенемін. Ресми түрде олар әлі ажырасқан жоқ. Алғашында құжат тапсырғанымен, кейін татуласып, өтініштерін қайтарып алды. Қазіргі жағдай осы күйінде қалып отыр», – деген еді заңгер.
Алайда бұл мәлімдемеге Гүлайым Рахмонова өзі жауап беріп, ажырасу процесі жалғасып жатқанын айтты.
«Егер осы видеоны мұқият тыңдасаңыздар, ажырасу процесінің әлі аяқталмағанын түсінесіздер. Арамызда “Татуласты ма, жоқ па?” деп алаңдап жүргендер бар екен. Уайымдамаңыздар. Процесс толық аяқталған кезде міндетті түрде өзім хабарлаймын», – деді ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, өткен жылы Гүлайым Рахмонова адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты іс бойынша сот алдында жауап берген болатын. Кейін сот оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, үкімнің орындалуын бес жылға кейінге қалдырды.
Осы оқиғадан кейін Гүлайым Рахмонова Шавкат Рахмоновтың отбасынан кеткенін айтып, ажырасуға ниетті екенін жариялаған еді.