NYT: Макгрегор оңалту кезінде допинг пайдаланған
UFC ұйымының бұрынғы екі салмақтағы чемпионы, ирландиялық файтер Конор Макгрегор ауыр аяқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінде төзімділікті арттыратын тыйым салынған препараттарды қолданған.
Бұл туралы The New York Times басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, Макгрегор аталған заттарды танымал спорт дәрігері Нил Эл-Аттрачтың бақылауымен пайдаланған. Ол сондай-ақ MLB-дегі Los Angeles Dodgers клубының дәрігері ретінде белгілі.
Ақпаратқа сәйкес, ирландиялық спортшы кейін допингке қарсы органдардың назарынан тыс қалуға тырысқан. Кейінірек ол бұл препараттарды медициналық мақсатта қолдануға ресми рұқсат алуға әрекеттенгенімен, өтініші мақұлданбаған.
Басылымның жазуынша, бұл жағдай UFC ұйымының 2024 жылы USADA-мен ынтымақтастықты тоқтатуына әсер еткен себептердің бірі болған.
Айта кетейік, 14 шілдеде 38 жасқа толатын Конор Макгрегор соңғы рет 2021 жылдың шілдесінде октагонға шыққан. Сол кезде ол америкалық Дастин Порьемен өткен жекпе-жекте ауыр аяқ жарақатын алып, жеңіліс тапқан еді.
Макгрегордың кәсіби мансабында 22 жеңіс және 6 жеңіліс бар. Ол UFC тарихындағы бір мезетте екі салмақ дәрежесінің чемпионы атанған алғашқы спортшы ретінде белгілі. Ирландиялық файтер жартылай жеңіл және жеңіл салмақ дәрежелерінде чемпиондық белбеулерді иеленген.