UFC-дің экс-файтері, аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмагулов (26-3) Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы спортшының өзі «Palm Athletes» деп аталатын подкастта мәлімдеді.
Дамир – Ресейде туып-өскен этникалық қазақ. Ол ірі жарыстарда Ресеймен бірге Қазақстанның да туын алып шығатын. Енді тарихи отанына оралып, тек қана көк тудың астында ел намысын қорғайды.
«Өмірде қызық жағдайдар көп болады. Ал, мен бүгінгі сәтті өте ұзақ күттім және қазір сіздерге Қазақстан азаматымын деп мақтанышпен айта аламын. Енді мені алда Азия ойындары күтіп тұрған болар, дайындалуым керек», - деді Исмагулов.
Еске салайық, биыл қыркүйек айында Жапонияда Азия ойындары басталады. Тарихта алғаш рет оның бағдарламасына MMA спорты енгізіліп отыр.
35 жастағы Дамир Исмагулов болса соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың мамыр айында Alash Pride FC турнирінде өткізген. Ол кезде қазақ файтері бразилиялық Алан Патрикті техникалық нокаутпен жеңген еді.
Дамир 2018-2023 жылдар аралығында UFC лигасында бағын сынады. Мұнда ол жеті жекпе-жек өткізіп, оның бесеуінде жеңіске жеткен еді.