Ол өзін қазақ MMA-сының өкіл әкесі де атады
Аралас жекпе-жектен қазақстандық шебер Қуат «Найман» Хамитов ресейлік Александр Шлеменкомен төбелесетін болды. Бұл туралы бұған дейін әлеуметтік желіде болжам ғана айтылғанымен, бүгін файтердің өзі келісімшартқа қол қойып, жекпе-жекті ресми жарнамалады.
Айта кетейік, Шлеменко – Bellator лигасының экс-чемпионы. Ол біршама уақыт спорттан қол үзіп, октагонға қайта оралмақшы.
Хамитов пен Шлеменко арасындағы жекпе-жек 4 мамырда RCC турнирі аясында өтеді. Қазақстандық файтер бүгін келісімшартқа қол қойып, оны ресми жарнамалады.
«Бұл ТМД аумағындағы ең маңызды оқиға, ең тартысты төбелес болады деп уәде беремін. Қазақ MMA-сының өкіл әкесі мен Ресей MMA-сының аңызы арасындағы жекпе-жекті күтіңіздер», - деді ол өзінің Instagram-парақшасында.