Отандасымыз Алматыда өткен Naiza 85 турнирінде ирандық Али Юсефимен кездесті
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Азат Мақсұм ұзақ үзілістен кейін октагонға сәтті оралды.
Бұрын UFC ұйымында өнер көрсеткен отандасымыз Алматыда өткен Naiza 85 турнирінде ирандық Али Юсефимен кездесті.
Жеңіл салмақтағы жекпе-жек үш раундқа жоспарланған еді. Алайда Мақсұм екінші раундта қарсыласына соққылар сериясын жасап, төрешіні кездесуді тоқтатуға мәжбүр етті. Нәтижесінде қазақстандық спортшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Бұл Азат Мақсұмның кәсіби мансабындағы 16-жеңісі болды. Сонымен қатар оның еншісінде үш жеңіліс бар. Ал Али Юсефи 17-рет жеңіліп қалды.
Мақсұм бұған дейін UFC-де төрт жекпе-жек өткізген. Ол әлемнің ең беделді промоушеніндегі соңғы кездесуінде америкалық Митч Рапосоға төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен есе жіберген еді.
Naiza 85 турниріндегі жеңіс Азат Мақсұмның UFC-ден кеткеннен кейінгі алғашқы жекпе-жегінде тіркелді.