Асу Алмабаев UFC-де бұрынғы Bellator және Rizin чемпионымен жұдырықтасады
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев UFC-дегі келесі жекпе-жегін жапониялық Кёдзи Хоригучиге қарсы өткізеді.
Жекпе-жек 21 қарашада Катарда өтетін UFC Fight Night турнирінің бағдарламасына ресми түрде енгізілді.
Алмабаев UFC-дің аса жеңіл салмақтағы рейтингінде бесінші орында тұр. Оның кәсіби рекорды — 24 жеңіс және 3 жеңіліс. Қазақстандық спортшы UFC сапында өткізген соңғы сегіз жекпе-жегінің жетеуінде жеңіске жеткен.
Асу Алмабаев соңғы кездесуін 27 маусымда Бакуде өткізіп, америкалық Чарльз Джонсонды үшінші раундта ауырту әдісімен жеңді. Бұл оның қатарынан алған үшінші жеңісі болды.
Ал оның келесі қарсыласы Кёдзи Хоригучи рейтингте сегізінші орында тұр. Жапониялық файтердің рекорды — 36 жеңіс және 6 жеңіліс. Хоригучи UFC-ге оралғанға дейін Rizin және Bellator ұйымдарының чемпионы атанған.
Жапониялық спортшы соңғы жекпе-жегінде Мэнел Капеден үшінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді. Бұл кездесу 20 маусымда Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night турнирінің басты жекпе-жегі болған.
21 қарашадағы турнирдің бағдарламасына Алджамейн Стерлинг — Кевин Вальехос, Дэн Хукер — Брайан Ортега, Джаред Каннонир — Икрам Алискеров және Шамиль Газиев — Таллиссон Тейшейра арасындағы жекпе-жектер де енген.
Кештің басты жекпе-жегінде жартылай ауыр салмақта UFC-дің бұрынғы чемпионы Иржи Прохазка Жаңа Зеландия өкілі Наваджо Стирлингпен кездеседі.