«Ешкім танымайтын қарсылас керек емес»: Жалғас Жұмағұлов октагонға оралуға дайын

38 жастағы спортшы Oktagon-ға талап қойды

Әлеуметтік желі
Әлеуметтік желі

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов октагонға қайта оралуға дайын екенін мәлімдеп, еуропалық Oktagon промоушеніне нақты талабын жеткізді.

38 жастағы спортшы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында тек жоғары деңгейдегі, танымал қарсыласпен жекпе-жек өткізуге ниетті екенін жазды.

«Мен жекпе-жекке дайынмын. Oktagon, енді бір ғана сұрақ бар: кіммен? Ешкім танымайтын кездейсоқ қарсыласпен жекпе-жек өткізу үшін 56 келіге дейін салмақ қууға өзімді қинағым келмейді. Севериноның жекпе-жегі бар. Маған аты шыққан қарсылас беріңіздер, нағыз сын болсын – сонда октагонға шығамын. Маған маңызы бар жекпе-жектер керек», – деді Жұмағұлов.

Қазақстандық файтердің айтуынша, жеңіл салмақ лимитіне дейін салмақ қуу процесі тек мықты әрі танымал қарсыласпен жекпе-жек үшін ғана ақталады. Ол енді мансабының осы кезеңінде көпшілікке беймәлім спортшылармен кездесуге қызықпайтынын аңғартты.

Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, енді қарсылас таңдау Oktagon матчмейкерлеріне байланысты. Промоушен қазақстандық спортшы үшін лайықты қарсылас табуы тиіс.

Жалғас Жұмағұловтың кәсіби мансабында 19 жеңіс және 9 жеңіліс бар. Қазіргі таңда ол Oktagon лигасының ең жеңіл салмақтағы чемпионы.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам