Дәуреннің өзі төрешілер тарапынан әділетсіздік болды деп шағымданды
Аралас жекпе-жектен орта салмақта төбелесетін қазақ файтері Дәурен Ермеков (15-5) Санкт-Петербургте (Ресей) өткен «Наше дело 85» турниріне қатысып, нокаутпен жеңілді. Оның қарсыласы «Ганнибал» лақап атымен танымал жергілікті спортшы Дмитрий Арышев (16-8-1) болды.
Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылды. Қоян-қолтық ұрыс кезінде Арышев Ермековтің көзін шұқып алып, қазақ файтері бетін ұстап еңкейіп қалған. Осы сәтте Арышев оны тасадан келіп теуіп, төрешілер техникалық нокаут жазды.
Айта кету керек, Ермеков жекпе-жекті жеңген күннің өзінде оған чемпиондық титул берілмейтін еді. Өйткені, ол салмақ өлшеу кезінде лимиттен 1,9 кг асып кеткен. Енді оған келісілген гонорардың 40%-ы да берілмейді.
Дәурен Ермеков Naiza және Eagle FC (Хабиб Нурмагомедовке тиесілі) лигаларының чемпионы атанған. Сондай-ақ, аралас жекпе-жектен әуесқойлар арасында әлем чемпионатында екі рет екінші орын алған.