Жанкүйерлері қос спортшының әлем чемпионы атануына тілек білдірген
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек жаңа жыл қарсаңында жақындары ат мінгізіп, құрмет көрсеткенін атап өтті. Мұндай құрметке аралас жекпе-жек шебері, белгілі файтер Шавкат Рахмонов та ие болды.
«Кішкентай ауыл болсақ та чемпиондарымызға құрмет ерекше. Құдай қаласа, екеуің әлем чемпионы болыңдар. Сендерден зор үміт күтеміз. Ат мінгізіп, шапан жабуды ағайын-туғандардың атынан қабыл алғайсыздар», - деді құрмет көрсеткендердің бірі.
28 жастағы Сұлтан Зауырбек кәсіпқой бокста 19 жекпе-жек өткізіп, оның 13-ін уақытынан бұрын ұтты. 8 желтоқсанда спортшы Ирландияның Уотерфорд қаласында өткен бокс кешінде екінші жартылай жеңіл салмақта WBA Continental чемпиондық атағы үшін жекпе-жек өткізді. Бұл кездесуде Сұлтан Заурбек польшалық Дамиан Вржесинскиден (28-3-2, 7 КО) басым түскен еді.
Ал UFC лигасында өткен жылдың соңында Лас-Вегаста жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов 1 млн доллардан астам қаржыға қол жеткізді. Спортшыға жақында ғана семейлік меценаттар көлік мінгізген болатын.