
Енді ол ақшалай табыстан қағылады
Былтыр жыл соңында UFC лигасына қабылданған қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай 16 наурызда АҚШ-та дебюттік жекпе-жегін өткізуі тиіс. Алайда, ол салмақ өлшеу рәсімін сәтсіз өткізді.
Лас-Вегаста өтетін UFC Fight Night 254 турнирінде жартылай ауыр салмақта Дияр бразилиялық Брендсон Рибейромен төбелеседі. Бүгінгі салмақ өлшеу рәсімінде қазақстандық файтер қарсыласынан 2,5 келіге ауыр шығып, белгіленген нормадан асып кетті. Енді ережеге сәйкес, ол өзіне берілетін гонорардың 30 пайызын қарсыласына береді.
Брендсон Рибейроның бойы 190,5 см, салмағы 92,08 келі. Ол UFC-дегі дебютін 2015 жылы бастаған. Рибейро бас-аяғы 16 жекпе-жек өткізіп, оның 10-ында жеңіске жетсе, 6 рет жеңілген.
Дияр Нұрғожай аралас жекпе-жекте 10 кездесу өткізіп, соның бәрінде жеңіске жеткен.