
Азат Мақсұм UFC-дегі үшінші жекпе-жегін өткізеді
Аса жеңіл салмақтағы жекпе-жек шебері қазақстандық Азат Мақсұмның (17-1) UFC-дегі кезекті қарсыласы мен жекпе-жегі өтетін күн анықталды.
Азат Мақсұм әлемдегі ең беделді ұйым — UFC-де алғаш рет 2023 жылдың шілдесінде өнер көрсетіп, америкалық Тайсон Намды (21-14) жеңген болатын. Алайда содан бері ол небәрі бір ғана жекпе-жек өткізді. Соңғы рет ол октагонға америкалық Чарльз Джонсонмен (17-7) шығып, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіліс тапты.
Red Corner MMA инсайдерлерінің мәліметінше, Азаттың келесі айқасы тарихи турнир аясында өтпек. UFC жекпе-жек кешін 22 маусымда алғаш рет Әзербайжанда ұйымдастырады және дәл осы кеште Мақсұм да өнер көрсетеді. Ол UFC-дің бұрынғы үміткері жапониялық Киоджи Хоригучиді алмастырады. Ал жерлесіміздің қарсыласы — ең жеңіл салмақтағы рейтингте 10-орында тұрған ресейлік Тагир Уланбеков (16-2).
Уланбеков — Дағыстаннан шыққан аты аңызға айналған чемпиондар Хабиб Нурмагомедов пен Ислам Махачевтің (27-1) командаласы. Ол соңғы жекпе-жегін 2024 жылғы 18 қаңтарда өткізіп, Клэйтон Карпентерді (8-1) төрешілер шешімімен жеңген болатын.