Оның айтуынша, түрмеде талантты жігіттер көп
Танымал файтер Қуат Хамитов өнер жұлдыздарымен бірге Алматы облысындағы түзеу колониясына барып, сотталғандармен кездесті деп жазады Zakon.kz.
Алматы, Алматы облысы және Жетісу облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты номеры 12 түзеу мекемесінде концерттік бағдарлама өткен. Сотталғандармен кездесуге Қуат Хамитовпен бірге Серікбол Сайлаубек, Қазыбек Әдікей, Болатбек Досыбаев, Асқар Жанұзақов және Еркебұлан Махмут секілді өнер жұлдыздары келген.
MMA шебері сотталған азаматтарға салауатты өмір салты туралы айтып, спорттағы қызықты оқиғаларымен бөлісті.
ІІМ-нің баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушылар түрмеге келген қонақтарға өздері шығарған өлеңдерін оқып, алғысын айтқан.
«Біз жазасын өтеп жатқан азаматтарға қолдау көрсетуге келдік. Мұнда талантты жігіттер көп. Олардың тезірек түзеліп, қатарға қосылуын тілейміз», - деді Хамитов.