Былтыр желтоқсан айында Ковингтон қазақ спортшысын балағаттаған болатын
UFC лигасында өнер көрсететін қазақстандық әйгілі файтер Шавкат Рахмонов келесі жекпе-жегін америкалық Колби Ковингтонға қарсы өткізуі мүмкін. Мұндай ақпаратты Sports.kz сайты Twitter желісіндегі MMA Daily + MEMES аккаунтына сілтеме жасай отырып таратты.
Есте болса былтыр желтоқсанда Лас-Вегаста өткен UFC турнирінде Ковингтон Рахмоновты жекпе-жек алдында балағаттаған болатын. Артынша өзі чемпиондық белбеу сарапқа салынған кездесуде Леон Эдвардстан жеңіліп қалды.
«Колби Ковингтон мен Шавкат Рахмонов арасында жекпе-жек ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол маусымда Сиэтл қаласында өтетін UFC турнирі аясында болуы мүмкін», - деп жазылған дереккөзде.
Айта кету керек, бұған дейін екі файтердің арасындағы жекпе-жек туралы Шавкаттың бұрынғы қарсыласы Джефф Нил да айтқан болатын.
Қазіргі таңда Шавкат Рахмонов өз салмағы бойынша әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Ал, Колби Ковингтон бесінші сатыда.