ЖБ Шоу! Жаңа шығарылым!

Айбек Имашев дзюдо федерациясындағы қызметінен кетті

18.11.2025, 15:59

Оның айтуынша, қызметтен кетуінің себебі – жаңа лауазымға ауысуы

Айбек Имашев дзюдо федерациясындағы қызметінен кетті
әлеуметтік желі

Еліміздің дзюдо федерациясының атқарушы директоры Айбек Имашев өз өтініші бойынша қызметінен кетті. Ұзақ жыл бойы татамиде ел намысын қорғап, кейін федерацияда екі жылдан аса жұмыс істеген маман бұл өзгеріс туралы әлеуметтік желіде хабарлады. Оның айтуынша, қызметтен кетуінің себебі – жаңа лауазымға ауысуы. 

«Жаңа қызметке ауысыуыма байланысты Қазақстан дзюдо федерациясының атқарушы директоры ретіндегі жұмысымды аяқтаймын. Дзюдодағы жолымды қарапайым спортшы ретінде бастап, кейін ұлттық федерацияда еңбек ету – мен үшін үлкен мәртебе болды. Федерацияда екі жылдан астам қызмет атқардым, осы уақыт ішінде әріптестерім екінші отбасымдай жақын болды. Бірге өткен жол – мен үшін баға жетпес мектеп», – деп жазды Айбек Имашев.

Ол федерациядағы жұмысы еліміз үшін тарихи кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Біз Қазақстанда әлемдік доданы қабылдадық, ең бастысы – алғашқы Олимпиада чемпионымыздың шығуына куә болдық. Осындай кезеңде қызмет ету –мақтаныш. Басшылықтың сенімі, ұжымның ұйымшылдығының арқасында көптеген қиындықты еңсердік әрі ел дзюдосын жаңа деңгейге көтере алдық деп ойлаймын. Спортшы ретінде де, маман ретінде де Қазақстан дзюдосына адал қызмет еттім деген сеніммен осы тарауды жаптым», – деді федерацияның бұрынғы атқарушы директоры.

Айбек Имашев 2014 жылы Челябинскіде өткен әлем чемпионатында жартылай финалға дейін жетіп, қола медаль үшін белдесуде жапониялық Наохиса Такатоға жол берген. Сол кездесуде Имашев Такатоны иппонға түсірсе де, төрешілер бұл әрекетті тек вазари ретінде бағалаған.

60 келі салмақ дәрежесінде күрескен балуан жасөспірімдер құрамасының жаттықтырушысы, сондай-ақ Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам