Ерсін Ерік «Реалды» қор қылды. Тауық сойса да қасап сойсын. Саусақ пен тіл үйлескенде…

Қазақстандық ардагер спортшылар министрліктен сыйақыны сот арқылы өндірді

Бүгін, 12:32

Алтын медаль үшін 15 мың доллар, күміске 7 мың, қолаға 5 мың доллар беріледі

Қазақстандық ардагер спортшылар министрліктен сыйақыны сот арқылы өндірді
әлеуметтік желі

Қазақстан атынан ардагерлер арасында әлем чемпионатында сынға түсіп жүрген спортшылар өздеріне тиесілі сыйақысын сот арқылы араға он жылға жуық уақыттан соң өндіріп алды.

Жақында Қостанай облысының мамандандырылған әкімшілік соты ардагер екі спортшының талабын қанағаттандырып, туризм және спорт министрлігінен тиісті сыйақыны өндіріп берген.

Бұл ретте қостанайлық Анатолий Веклич пен Мұрат Кинтоновқа әлем чемпионаттарында алған жүлдесі үшін жауапты тарап сыйақы төлеуден бас тартқан көрінеді. Осыдан кейін ардагерлер сотқа жүгініп, 2015-2016 жылдары берілуі тиіс сыйақыға қол жеткізді.

«Дядя Ваня» телеграм-арнасының жазуынша, он жыл бұрын Анатолий Веклич Афиныда (Грекия) өткен еркін күрестен ардагерлер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған. Бір жылдан кейін Польшадағы Валбжих қаласында кезекші чемпионатта қола жүлдегер атанды. Ал Мұрат Кинтонов АҚШ-тың Форт-Лодердейл қаласында өткен дзюдодан ардагерлер әлем чемпионатында Қазақстаннан жалғыз алтын медаль алған спортшы болған еді. Сотта қаралған іс материалдарында талапкерлер тек 2024 жылдың желтоқсан айының соңында туризм және спорт министрлігіне қаржылай сыйақы алу туралы өтініш бергені айтылған. ҚР Заңы бойынша олимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионатында жеңіске жеткендерге ірі көлемде сыйақы қарастырылғаны белгілі. Бұл орайда алтын медаль үшін 15 мың доллар, күміске 7 мың, қолаға 5 мың доллар беріледі.

Соған қарамастан министрлік ардагерлерге сыйақы төлеуден бас тартып, талап қою мерзімінің өтіп кеткенін алға тартқан. Осыдан кейін қостанайлық ардагер атлеттер сотқа жүгінуден басқа амалы қалмаған. Қостанай облысының мамандандырылған әкімшілік соты талапкерлердің пайдасына шешім шығарып, министрлікті оларға сыйақы төлеуге міндеттеп отыр.

«Егер сот шешімі көрсетілген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, бірінші инстанция соты 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салады», - деп жазылған сот қаулысында.

Жалпы, туризм және спорт министрлігі әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған ардагерлермен жиі соттасатын жайттар осыған дейін де бірнеше рет тіркелген. Соңғы бір жылдың ішінде Марал Көшенов дзюдо бойынша әлем чемпионатындағы жүлделері үшін сыйақыны сот арқылы алды. Сондай-ақ, ардагер дзюдошы Руслан Сейілханов та сотта өз құқығын қорғаған. Ол 2023 жылы Польшада өткен әлем чемпионатында алтын, келесі жылы БАӘ-де күміс медаль жеңіп алған еді. Соған қарамастан ол тиісті сыйақыны сот арқылы өндіріп алды. Сонымен бірге, Ақтөбе облысынан Бөгежан Аманбаев 2023 жылы 65-69 жас санатында гир спортынан әлем чемпионатында жүлде алған. Ол да сыйақыны тек сот арқылы иеленді.

Айта кететін жайт, көптеген елдерде ардагер спортшыларға мемлекеттік сыйақы қарастырылмаған. Олар үшін спорт ерікті түрде жасалатын іс ретінде белгіленген. Ал Қазақстанда 2023 жылғы 31 шілдеде бекітілген халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне қаржылай төлем төлеу қағидаларында тек бір ғана талап бар. Онда үміткер ересектер арасындағы жарыста жүлде алуы тиіс екені айтылған. Бұл ретте ардагерлер де аталған санатқа кіргендіктен, мемлекет сыйақы төлеуге міндетті көрінеді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам