Клуб басшылығы Сметовке 50 млн теңге сыйақы берген
Дзюдодан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов «Жеңіс» клубының қатарынан шығып қалды. Бұл туралы еліміздегі алғашқы кәсіби клубтың баспасөз қызметі қызметі хабарлады.
«Елдос Сметовтың әйгілі клуб сапынан шыққаны белгілі болды. Ол клубтың «Даңқ залына» енді және клубтың құрметті капитаны атанады. Біз Елдосқа бірге өткерген жарқын, мазмұнды әрі шын мәнінде баға жетпес жылдары үшін шынайы алғыс айтамыз. Клубымыздың бір бөлігі бола отырып, ол өзінің басты спорттық арманын орындады - Олимпиада чемпионы атанды. Бұл жетістік оның адалдығы, тәртібі және күнделікті қажырлы еңбектің қандай биік шыңдарға жеткізетінін дәлелдеді. Чемпиондық мінезі мен еңбекқорлығы бүкіл командаға үлгі болды», - деп жазылған хабарламада.
Клуб тарапы оның Париж Олимпиадасындағы жетістігін Орталық Азия тарихындағы дзюдодан алғашқы алтын медаль екенін айрықша атаған.
«JENYS» клубы үшін бұл — зор мәртебе әрі біздің жолымыз бен болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналған тарихи сәт. Елдос клубтың дамуына өлшеусіз үлес қосты, оның рухын, кәсіби мәдениетін және спорттық амбициясын күшейтті.
Осы жылдар ішінде ол нағыз көшбасшы да, тәлімгер де бола білді, ал бүгін - ұлттық Батыр ретінде өз үлгісімен жас буынға шабыт беріп, эстафетаны лайықты түрде тапсырып отыр. Шын жүректен Елдосқа жаңа жеңістер, нық жетістіктер және жолының жаңа кезеңінде тек сәтті қадамдар тілейміз.
JENYS клубы оның ұлы тарихының бір бөлігі бізбен бірге жазылғанын әрқашан мақтан тұтады», - деді клуб тарапы.
Елдос Сметов елге оралған соң «JENYS» клубының президенті, кәсіпкер Алмаз Әлсенов Қарағандыда бірқатар дзюдошыларды ұлықтап, Елдос Сметовке 50 млн теңге сыйақы берген еді. Өз кезегінде оның жеке бапкері Ғалымжан Жылгелдиевке 10 млн теңге табысталды.
«JENYS» клубы бүгінде еліміздегі бірқатар кәсіби дзюдошылардың басын бір жерге түйістіріп отыр. Сондай-ақ, Қырғызстан, Өзбекстан мен Грузия балуандары аталған клуб сапында бірнеше рет халықаралық клубтық сайыстарда бақ сынады.