Марат Гарипов бұған дейін Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанған
Бразилияда шамамен 15 жылдан бері тұрып келе жатқан қандасымыз Марат Гарипов жақында ел біріншілігінде күміс жүлдегер атанды. Бұған дейін ол беделді Bill Farrell International турнирінде де күміс алған.
41 жастағы балуан грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалға дейін сенімді жетті. 1bol.kz порталына берген сұхбатында ол жарысқа дайындығында тараздық бапкердің ерекше рөл атқарғанын атап өтті.
«Bill Farrell International турниріне күміс жүлдегер атандым. Тараздан келген бапкерім Сағи Исаевқа үлкен рахмет. Бразилия чемпионатында 60 келі салмақта финалда маған 3 ескерту берілді. Партерде қарсыласқанда аяқты көтергенім үшін солай жазаландым. Қазір жас балуандар өте мықты, физикалық дайындықтарын жоғары деңгейде қолға алған», - деді Марат Гарипов.
Ол сондай-ақ өз салмағы Олимпиада бағдарламасына сай келмейтіні туралы айтты.
«Өз салмағым 58 кг, негізі 55 келіде күрескім келеді. Алайда ол Олимпиада бағдарламасына енбеген. 2014 жылға дейін 55 келіде күрескенмін. Кейін UWW өзгеріс енгізіп, 59 келі салмақты қойды. Қазір АҚШ-тың Филадельфия қаласында Lionsheart MMA клубында жаттығып жүрмін. Ал 2026 жылы Бахрейннің Манама қаласында 26-30 қазан аралығында өтетін әлем чемпионатына қатысуым мүмкін. Айтпақшы, АҚШ билігіне осы жылы маған талант визасын бергені үшін алғысымды айтамын», - деді ол 1bol.kz тілшісіне бірген сұхбатында.
Марат Гарипов бұған дейін Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанған. Сондай-ақ, халықаралық жарыстарда бірнеше рет жүлдеге ие болды. Қандасымыз 2021 жылы әлем біріншілігіне қатысқанымен, іріктеу кезеңдерінде қазақстандық Қорлан Жақаншаға жол берді.