Бұл - шахматтан әлемдегі ең беделді турнирлердің бірі.
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева әлемдегі ең беделді турнирлердің бірі - Norway Chess Women 2026 жарысына қатысады. Бұл туралы турнирдің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бибісара Асаубаева Ослоға жол тартады. Әйелдер арасында блиц шахматтан қазіргі әлем чемпионы Norway Chess Women 2026 турниріне қатысатын алғашқы ойыншы атанды», - делінген жарыстың ресми Instagram парақшасында.
21 жастағы Бибісара 2021, 2022 және 2025 жылдары әйелдер арасында блиц шахматтан әлем біріншілігінде топ жарып, үш дүркін әлем чемпионы болды. 17 жасында ол блицтен тарихтағы ең жас чемпион ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енсе, сол жылы рапид шахматтан өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған.
2025 жыл Асаубаева үшін ерекше табысты болды: ол блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанып, гроссмейстер атағын иеленді, FIDE-нің 2026 жылғы үміткерлер турниріне жолдама алды әрі жеке рейтингін 2513 деңгейіне жеткізді.
Norway Chess Women Бибісара үшін алғашқы турнир болмақ. Сонымен қатар ол әйелдер арасындағы бұл жарыс тарихындағы ең жас қатысушы атанып отыр.
Турнир 2026 жылдың 25 мамыры мен 5 маусымы аралығында Норвегияның Осло қаласында, Deichman Bjørvika мәдени орталығында өтеді.