26 жастағы Бруклин Бекхэм отбасымен татуласудан бас тартқан
Англия құрамасының бұрынғы футболшысы Дэвид Бекхэм мен әнші әрі дизайнер Виктория Бекхэмнің үлкен ұлы Бруклин Джозеф Бекхэм ата-анасымен арадағы қарым-қатынасты толық үзілгенін жариялады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазып отыр.
26 жастағы Бруклин Бекхэм отбасымен татуласудан бас тартқанын айтып, ата-анасын оның жұбайы актриса Никола Пельтцпен арадағы қарым-қатынасын көп жылдан бері бұзуға тырысты деп айыптауда. Оның сөзінше, ата-анасы келінін жүйелі түрде құрметтемеген көрінеді.
Бруклин ата-анасы бастапқы кезден-ақ бұл некеге қарсы болғанын және отбасыға қатысты ақпаратты баспасөзге өздері іріктеп таратқанын атады. Ең ауыр сәттердің бірі ретінде ол анасының соңғы сәтте қалыңдыққа Victoria Beckham брендімен тігілетін той көйлегінен бас тартуын алға тартты. Айтуынша, Никола бұл көйлекті киюді қатты қалаған.
«Өмірімнің көп бөлігінде ата-анамның бақылауында болдым. Үнемі алаңдаушылықта өстім. Отбасымнан алшақтағаннан кейін ғана алғаш рет бұл күйдің жоғалғанын сезіндім», - деп жазды Бруклин Бекхэм.
Қазіргі уақытта ол ата-анасын әлеуметтік желілерде бұғаттағанын және бұдан әрі байланыс тек адвокаттар арқылы жүзеге асатынын хабарлады.
Айта кетейік, бұл - Бекхэмдер отбасындағы алғашқы ашық жанжал емес.
Daily Mail дереккөздерінің мәліметінше, 2022 жылы Дэвид Бекхэм келіні Никола Пельтцтің сұхбаттарына қатты ашуланып, ұлына «Біздің отбасымызда бұлай жасалмайды. Мұның немен аяқталатыны сендерге байланысты, бірақ бұл драма тоқтауы тиіс» деген сыңайда ескерту жасаған.
Бруклин Бекхэм мен Никола Пельтц 2022 жылғы 9 сәуірде үйленді. Тойға 500-ге жуық қонақ жиналып, соның ішінде көптеген танымал тұлғалар қатысқан. Никола Пельтц Grazia журналына берген сұхбатында Victoria Beckham бренді ұсынған көйлектің дизайнына риза болғанын, ал оны киюден бас тартты деген әңгімелердің өзін ренжіткенін айтқан. Ақырында ол тойда Valentino сән үйінің көйлегін таңдаған еді.