Ол ұлтаралық араздықты ашық түрде қоздырды деп айыпталып отыр
Қазақ пен қырғыз халқына тіл тигізді деп айыпталған Екатерина Бивол сот алдында жауап береді.
Санкт-Петербург қаласының Ленин аудандық сотында 29 қаңтар күні Екатерина Биволға қатысты әкімшілік істің сот талқылауы басталады. Ол Telegram желісінде жариялаған мәлімдемелері арқылы ұлтаралық араздықты ашық түрде қоздырды деген күдікке ілінген. Бұл туралы Вечерний Бишкек басылымы хабарлады.
Іске 2025 жылдың қазан айында Telegram-арнада жарияланған бейнежазба себеп болған. Аталған материалды Ресей Ішкі істер министрлігінің экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының қызметкерлері тексеруге алған.
Сараптамалық қорытындыға сәйкес, видеода қазақ және қырғыз ұлтының ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін кемсітетін сөздер кездескен. Осыған байланысты Екатерина Биволға қатысты «ұлтаралық араздықты жария түрде қоздыру» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Айта кетейік, Екатерина Бивол – танымал боксшы Дмитрий Биволдың бұрынғы жұбайы. Аталған бап бойынша ірі көлемдегі айыппұл немесе әкімшілік қамау жазасы қарастырылған.