Олардың жағдайы қанағаттанарлық.
Қазақстанның оңтүстігінде 22 жасөспірім ауруханаға жеткізілді.
Жамбыл облысының әкімдігінің мәліметінше, 21 қаңтар күні сағат 22:40-та Меркі ауданындағы көпсалалы орталық ауруханаға демалыс аймағынан 22 жасөспірім жеткізілген. Олар Қызылорда облысынан күрес түрлері бойынша оқу-жаттығу жиындарына қатысу үшін келген.
Дәрігерлер алдын ала «этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит» деген диагноз қойып отыр. Аурудың нақты себебін анықтау мақсатында науқастардан және тұтынылған тағам өнімдерінен зертханалық талдауға сынамалар алынған.
Әкімдік дерегінше, ауруханаға түскен балалардың жағдайы қанағаттанарлық. Барлығы дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тиісті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Этиологиясы анықталмаған гастроэнтерит дегеніміз – асқазан мен ішектің қабынуы. Ауру белгілеріне іш өту, құсу, іш ауруы мен жүрек айну жатады.
Аталған дерек Меркі аудандық полиция бөлімінде де тіркелген. Құзырлы органдар жүргізіп жатқан тексеру қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары барып, жедел штаб отырысы өткізілді.
«Қазіргі таңда барлық бала медициналық бақылауда. Құзырлы органдар тарапынан қажетті шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады облыс әкімдігі.
Ресми дерекке сәйкес, демалыс аймағында барлығы 103 жас спортшы мен 13 жаттықтырушы болған. Олар медициналық тексеруден өтті, ауру белгілері анықталған жоқ.