Депутаттар оны сынап, спорттағы нәтижелердің төмендеуіне кінәлі деп айыптады
Ұлттық Олимпиада комитетінің кезектен тыс Бас Ассамблеясы өтетін күн белгілі болды. Маңызды жиын ақпанның 26 күніне жоспарланған.
Алдын ала болжам бойынша, бұл басқосуда ҰОК президенті Тимур Құлыбаев орнынан кетеді. Бұған дейін отандық БАҚ беттерінде бұл лауазымға даңқты боксшы Геннадий Головкиннің сайланатыны туралы сыбыс тараған болатын.
«ҰОК басқару органдары немесе лауазымды тұлғалардың ешқайсысы лауазымды тұлғаның жеке шешімімен тағайындалмайды. ҰОК-тің басқару органдары – Жалпы жиналыс, Атқару комитеті, Тексеру комиссиясы, Спортшылар комиссиясы. Қазақстан Республикасы ҰОК барлық басқару органдары және оның лауазымды тұлғаларын Қазақстан Республикасы ҰОК мүшелері – олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерациялары алқалы түрде сайлайды. Барлық басқару органдарының өкілеттік мерзімі 4 жыл. Басқару органдарының барлық мүшелері мен лауазымды адамдар өз қызметін ерікті түрде жүзеге асырады, еңбекақы және басқа да сыйақы төленбейді», - деп жазылған ҰОК таратқан ақпаратта.
Жаңа президентті сайлау жасырын дауыс беру арқылы өтеді. Ал лауазымды орынға үміткерді тек ҰОК мүшелері ұсына алады. Жаңа президент сайланған соң ХОК-қа сайлау нәтижелесі жіберіліп, басшылыққа келген адам туралы мәлімет берілмек.
Өткен айда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ҰОК президенті Тимур Құлыбаев басшылыққа келгелі спорттағы нәтижелердің төмендеп кеткенін айтқан болатын. Ал, Құлыбаев бұл лауазымға 2015 жылдың қыркүйек айында сайланды.