Вера Ванделге жол берді.
Қазақстандық дзюдошы Абиба Әбужакынова Австрияның Линц қаласында өтіп жатқан IJF World Judo Grand Prix Linz 2026 турнирінде күтпеген жеңіліске ұшырады.
Әйелдер арасындағы 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингтің көшбасшысы саналатын қазақстандық балуан жарысқа басты фавориттердің бірі ретінде келген еді. Әбужакынова жарысты бірден 1/8 финалдан бастады.
Алғашқы белдесуінде ол алжирлік Хуария Каддурмен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қазақстандық спортшы қарсыласын екі рет юко, бір рет иппон әдісімен ұтып, келесі кезеңге сенімді өтті.
Алайда одан кейін Әбужакынова 20 жастағы нидерландтық дзюдошы Вера Ванделге жол берді. Жас спортшы кездесуде айқын басымдық танытып, қазақстандық балуанды юко, вазари және иппон әдістерімен жеңді.
Осылайша, Абиба Әбужакынова турнирдің алтын медалі үшін күрес мүмкіндігінен айырылды. Енді ол қола жүлде үшін жұбаныш белдесулері арқылы бақ сынай алады.
Айта кетейік, бұл – Әбужакынованың 2026 жылғы алғашқы жарысы. Бұған дейін ол Париж және Ташкент қалаларында өткен «Үлкен дулыға» кезеңдерін өткізіп алған болатын.