Финалдық жарыста алты спортшы бақ сынады
Италияда өтіп жатқан Қысқы Паралимпиада ойындарында қазақстандық пара шаңғышы Ербол Хамитов 1500 метрлік классикалық спринт дисциплинасында қола жүлдеге ие болды.
Финалдық жарыста алты спортшы бақ сынады. Ербол Хамитов 2 минут 29,9 секунд уақыт көрсеткішімен мәре сызығын кесіп өтіп, Қысқы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Осылайша, ол Қазақстан құрамасының қоржынына Италиядағы Паралимпиада ойындарындағы алғашқы медальді салды.
Жарыста бірінші орынды Қытай спортшысы Лю Цзысюй иеленді. Ол 2 минут 28,9 секунд нәтижемен чемпион атанды. Ал күміс жүлде бразилиялық Кристиан Вестемайер Рибераға бұйырды. Оның көрсеткіші — 2 минут 29,6 секунд.
Аталған дисциплинаның іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасының спортшылары Юрий Березин, Анна Грачова, Нурлан Алимов және Владислав Кобаль да өнер көрсетті. Алайда олар финалдық кезеңге өте алмады.
Айта кетейік, ертең ұлттық құраманың спортшылары осы спорт түрінен 10 шақырымдық интервалды жарыста бақ сынайды.