Әзірге турнирлерге қатыспаймын
Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, дзюдошы Абиба Әбужақынова жарақатына байланысты жарыстарға қатысуын уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Спортшының айтуынша, ол маусымды дзюдодан Grand Slam турнирінен емес, жарақатына байланысты Гран-при додасынан бастауға мәжбүр болған. Алайда ол әлі толық бабына келе қоймаған.
«Жарақат салдарынан маусымды Grand Slam турнирінен емес, Гран-при жарысынан бастадым. Әлі толық қалпыма келген жоқпын. Аустриядағы жарыстан кейін белім қайта сыр берді. Енді толық ем қабылдаймын. Әзірге турнирлерге қатыспаймын. Татамиге қашан ораларым белгісіз. Астанада өтетін Grand Slam турниріне дейін қалпыма келіп үлгеремін бе, оны да білмеймін», — деді Абужақынова.
Еске салайық, наурыз айының басында Абиба Абужақынова Аустрияның Линц қаласында өткен Гран-при турнирінде өнер көрсеткен болатын. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшы қола медаль үшін нидерландылық Амбер Гершеспен белдесіп, қарсыласына есе жіберді.
Абиба Абужақынова — Қазақстан дзюдосындағы ең үздік спортшылардың бірі. Ол әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, сондай-ақ Азия ойындары мен Азия чемпионатының финалисі. Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасында бесінші орын алған еді.