Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта чемпион атанды

18.03.2026, 21:23

Ел біріншілігі Таразда өтті.

Ризабек Айтмұхан жаңа салмақта чемпион атанды
instagram.com/kazwrestling_official

Тараз қаласында күрес түрлерінен 15 жасқа дейінгі және 23 жасқа дейінгі балуандар арасында Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті. Турнирдің басты оқиғасы деп әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсетуін айтуға болады.

Бұған дейін 97 келіге дейінгі салмақта күрескен Айтмұхан бұл жолы 125 келіге дейінгі категорияда бақ сынап көрді. Елордалық балуанның жаңа салмақтағы дебюті сәтті өтіп, финалға дейін сенімді жетті.

Ал шешуші белдесуде ол Ақтөбе облысының өкілі Әлімжан Сәлімжанмен кездесті. Айтмұхан қарсыласын 11:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіп, жаңа салмақта да өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді.

Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан 2023 жылдың ақпанында - небәрі 18 жасында ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанса, сол жылдың қыркүйегінде еркін күрестен елімізден шыққан алғашқы әлем чемпионы атанған еді. Сонымен қатар ол Азия чемпионаттарының үш дүркін күміс жүлдегері.

27 наурызда Айтмұхан Ташкентте өтетін PWL 11 турнирінде бақ сынайды, бірақ ол кезде үйреншікті 97 келі салмақта өнер көрсетеді. Жерлесіміздің қарсыласы - ресейлік Алихан Кцоев.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0
×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам