Қазіргі уақытта оқиға бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр
Маусым айының басында Түркістанда ескек есуден жасөспірімдер мен 23 жасқа дейін спортшылар арасында Азия чемпионаты өтіп, оның соңы төбелеспен аяқталған болатын.
Облыстағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Тимур Алиханов Ескек есу федерациясының атқарушы директоры Дәулет Сұлтанбековтен «таяқ жегенін» айтып, полицияға арызданған. Дәлел ретінде ол осы оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Онда шенеуніктің расымен де бапкерді ұрғанын анық көруге болады.
Алайда, Федерацияның баспасөз қызметі оқиғаның басқаша өрбігенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, желіде жарияланған видео негізгі видеодан кесіліп алынған. Яғни, оқиға толық көрсетілмеген.
Осы жайттан кейін Түркістан облысының спорт басқармасы қос маманды да қызметтен уақытша шеттетті. Тергеу жұмыстары аяқталғанға дейін олар жұмыс істемейді.
Қазіргі уақытта оқиға бойынша құзырлы органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы жан-жақты зерделеніп, қатысушылардың әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетін болады.