Биылғы әлем чемпионатына 48 команда мен 400-ге жуық шахматшы қатысады
17-21 маусым аралығында Гонконгта шахматтан рапид және блиц бойынша командалық әлем чемпионаты өтеді. Биылғы жарыс алғаш рет Шығыс Азияда ұйымдастырылмақ. Әлемнің үздік шахматшылары бас қосатын турнирде Қазақстан намысын Kazchess және Barys.kz командалары қорғайды.
Қазақстан шахмат федерациясының командасы саналатын Kazchess рапид рейтингі бойынша жарысқа қатысушылар арасындағы ең мықты үш ұжымның қатарына кіреді. Команданың капитаны – Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов.
Команда сапында қазақстандық шахматшылар Бибісара Асаубаева, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова және әуесқой ойыншы Құмар Төлепов өнер көрсетеді. Сонымен қатар құрамды әлемдік деңгейдегі гроссмейстерлер – Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Рихард Раппорт және Ван Хао күшейтеді.
Жарысты тоғызыншы нөмірмен бастайтын Barys.kz командасының капитаны – Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Команда құрамына тәжірибелі гроссмейстерлер Петр Свидлер мен Дмитрий Андрейкин, сондай-ақ қазақстандық жас шахматшылар Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сапенов, Ерғали Сүлеймен, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және әуесқой ойыншы Айлин Зарқым енген.
Турнирдің басты фавориті ретінде WR Chess командасы саналады. Оның құрамында әлемнің бұрынғы және қазіргі таңда ең мықты шахматшыларының бірі Магнус Карлсен, Фабиано Каруана, Максим Вашье-Лаграв, Уэсли Со және Ян-Кшиштоф Дуда өнер көрсетеді.
Сондай-ақ жарыста Алиреза Фирузджа, Левон Аронян, Аниш Гири, Дин Лижэнь, Цзюй Вэньцзюнь, Арджун Эригайси секілді әлемдік шахмат элитасының өкілдері бақ сынайды.
Қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев та турнирге қатысады. Ол дәстүрлі түрде сингапурлық Theme International Trading командасының намысын қорғайды.