Қазақстандық гимнаст Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына да қатысады
Қазақстандық көркем гимнаст Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өтіп жатқан Grand Prix BRNO халықаралық турнирінде күміс жүлдеге ие болды.
Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы көпсайыс қорытындысы бойынша 116.500 ұпай жинап, екінші орыннан көрінді. Бұл – Ақмаралдың жеке мансабындағы жаңа рекорд. Бұған дейін ол Франкфуртта өткен әлем чемпионатында 115.800 ұпай жинаған еді.
Көпсайыста Украина өкілі Таисия Онофрийчук 117.900 ұпаймен жеңімпаз атанса, Польшаның Лилиана Левинскасы 108.250 ұпаймен қола жүлдеге ие болды.
Жарыс 13 қыркүйекке дейін жалғасады. Енді Ақмарал Ерекешева төрт бағдарлама бойынша жекелей сынның финалында өнер көрсетіп, тағы да жүлдеге таласады.
Айта кетейік, қазақстандық гимнаст Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына да қатысады. Аичи-Нагоядағы көркем гимнастика бәсекелері 1-3 қазан аралығына жоспарланған.