Эльмира Сыздықова жапон балуанынан жеңіліп, Азиадада күміс медаль жеңіп алды

Тартысты кездесуде жапониялық балуан 5:1 есебімен жеңіске жетті

Нұрғали Жұмағазы
Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық балуан Эльмира Сыздықова Аичи–Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында күміс медаль иеленді.

76 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сыздықова финалда Жапония өкілі, Париж Олимпиадасының чемпионы әрі әлем чемпионы Юка Кагамимен белдесті. Тартысты кездесуде жапониялық балуан 5:1 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальді иеленді.

Осылайша, Эльмира Сыздықова өз мансабында алғаш рет Азия ойындарының финалына шығып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұған дейін ол 2018 жылғы Азия ойындарында қола медаль алған еді.

Қазақстандық балуан Аичи–Нагоядағы жарыс жолын ширек финалда Моңғолия өкілі Даваанасан Энх-Амарды 4:1 есебімен жеңуден бастады. Ал жартылай финалда Қытай өкілі Ли Вэньцзимен өте тартысты белдесу өткізіп, 9:8 есебімен басым түсті. 

Айта кетейік, бұған дейін Азия ойындарының финалына қазақстандық бес балуан қыз шыққан. 2010 жылы Елена Шалыгина 63 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алса, Жәмила Бақбергенова (2022), Жұлдыз Эшимова (2018), Гүзель Манюрова (2014) және Ольга Смирнова (2006) күміс жүлдеге ие болған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам