Азиадаға қатысқан қазақстандық жеңіл атлеттен допинг табылды

Аяна Болатбекқызы допингке қатысты уақытша шеттетілді

Владислав Семенов
Владислав Семенов

Қазақстандық жеңіл атлет Аяна Болатбекқызы Аичи–Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында допингке қатысты күдікке ілікті. Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) спортшының допинг-сынамасынан тыйым салынған заттың метаболиті анықталғанын хабарлады.

ITA мәліметінше, 19 жастағы спортшының сынамасынан дростанолон метаболиті анықталған. Дростанолон Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміне енгізілген анаболикалық андрогендік стероид санатына жатады. Оны жарыс кезінде де, жарыстан тыс уақытта да қолдануға тыйым салынған.

Сынама 27 қыркүйекте Жапонияның Нагоя қаласында Азия ойындары кезіндегі допинг бақылауы барысында алынған. Тексеруді ITA Азия Олимпиадалық кеңесінің (OCA) атынан жүргізген.

Осы жағдайға байланысты Болатбекқызы жарыстардан уақытша шеттетілді. Шешім іс түпкілікті қаралғанға дейін күшінде болады. Уақытша шеттету кезеңінде спортшыға жарыстарға қатысуға, жаттығуға, жаттықтырушылық қызмет атқаруға және Азия ойындары аясындағы өзге де спорттық қызметке араласуға тыйым салынған.

Сонымен қатар қазақстандық спортшының уақытша шеттету туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының допингке қарсы бөліміне (CAS ADD) шағымдануға және В үлгісін тексеруді талап етуге құқығы бар.

Іс қазіргі уақытта қаралып жатыр. ITA тергеу аяқталғанға дейін жағдайға қатысты қосымша түсініктеме бермейтінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Аяна Болатбекқызы Аичи–Нагоя Азия ойындарында 800 метрге жүгіруден 12-орын, ал 1500 метрге жүгіруден 10-орын алған.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам